Қызылордалық әйел фитнес-клубты сотқа беріп, 1 млн теңге өндіріп алды

134

Кызылорда қалалық сотына әйел кісі фитнес-клубтан материалдық және моральдық шығынды өндіріп алу туралы талап арыз берді. 54 жастағы әйел фитнес-клубта ылғалды еденнің салдарынан сүрініп, құлап қалған, – деп хабарлайды  paparaci.kz ақпараттық агенттігі.

Дене жарақатын алған әйелдің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Жарақаттарының салдарынан ұзақ уақыт емделіп, жұмысқа бара алмаған, жалақы алмағандықтан емделуге қаражат жетпеген, төсек тартып жатқан, әлі де денсаулығы қалпына келмеген.

Сондықтан әйел фитнес-клуб басшылығынан моральдық және материалдық өтемақы талап еткен. Фитнес-клубта жарақат алғаны туралы факт медициналық мекеме қоңырауларын тіркеу журналындағы жазбалармен және басқа құжаттармен расталған.

Сот фитнес-клуб тарапынан тұтынушының денсаулығы мен қауіпсіздігіне қажетті шаралар қабылданбаған деген қорытындыға келді. Сондықтан талапкердің талаптары қанағаттандырылды. Фитнес-клубтан әйелдің пайдасына материалдық зиян мен моральдық шығын үшін 1 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді.

Алайда фитнес-клуб бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағымданды. Апелляциялық сот істің мән-жайын зерттеп, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.

Айта кетейік, Талапкер Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында емделген.

Фото: istockphoto.com
Advertisements