«Жезөкшелікке мәжбүрлегендердің барлығы жазаланғанын қалаймын»

75
фото ашық дерек көзінен алынды

Paparaci.kz Қызылорда қаласында 8 ай бойы жезөкшелік құлдықта болған 16 жасар оқушы аты-шулы оқиғаның мән-жайын айтты. Жәбірленуші қыздың сөзін «NeМолчи» Қоры жариялады.

Әбден зәбір көрген жасөспірім психологиялық күйзеліске түсіп, бойын қорқыныш билеген. Соған қарамастан, ол басынан өткен қиын жағдайды толық баяндап берген. Алғашында өзінің сыныптас құрбысы мен оның апасы қоқан-лоққы көрсетіп, «клиенттерді» түнгі клубтан табуға мәжбүрлеген.

– Бастапқыда ештеңені түсінбедім. Олар маған би алаңында анайы билеп, жігіттердің маған қырындауын талап етті. Ең алғашқы Е есімді жігіт болатын. Мен одан қорқып, жақындаспауға тырыссам да, маған күш көрсетіп өз дегенін істеді. Бұл 4 ақпанда болған жағдай. Әрі қарай мені жезөкшелердің сайтына тіркеп, артынша тағы бір «клиент» табылды. Қанша қарсылық танытқым келгенімен жақындарыма фотоларыңды жібереміз деп қорқытып, тіпті ұрып-соғуға дейін барды. Осылай үнемі қорқыныш пен үрейде жүрдім.

Жәбір көрген оқушы қыз гинеколог маманынан көмек сұрағысы келген, бірақ оны әлгілер бақылауда ұстап, еш жерге жібермеген Тіпті, жезөкшелік құлдықта жүріп бір жігіт мефедрон есірткісін пайдалануға мәжбүрлеген. Ал әлгі «жеңгетайлары» есірткіден есі кеткен қызды смартфондарына түсіріп алып, одан сайын бопсалаған.

– Күн өткен сайын мені қорқытып-үркітіп, арам пиғылдарын іске асыруды үдете түсті. Қарсы шықсам аяғымды оттықпен күйдіріп, буындырып, тұншықтырып білгендерін істейтін. Олар күн демей, түн демей жезөкшелікпен айналысуымды талап етті.

Жәбірленушінің анасы қызының мінез-құлқы өзгергенін, сабақ үлгерімі төмендеп, үй көрмей жоқ болып кететінін айтып мектеп басшылығы мен полицияға арызданған. Бірақ, мән-жайды анықтаудың орнына ол ата-ана құқығынан айрыласыз деген жауап алған.

– Әбден арып-ашып, уақыт өте келе көп ауыра бастадым. Олар менің «жұмысқа» жарамайтынымды біліп, өзің сияқты тағы қыздар тап деп бопсалай бастады. Сөйтіп, қанша қорықсам да жақын танысыма барлық бастан кешкен жағдайымды жайып салдым.

Мұны естіген әлгі танысы дереу қыздың әкесіне жағдайды жеткізген. Әбден үрейленіп қалған оқушы үйіне оралған соң да «бұлар бізді өлтіреді, олар бәрібір өлтіреді» деп көпке дейін қорқынышы басылмаған.

Аталған қылмыстық оқиғаны тергеу барысында оқушы қыздың банк картасына мыңнан аса ақша аударымы жасалғаны анықталды. Соның ішінде, полиция 200 жуық «клиентті» тергеуге алған. Себебі, кейбірі қызбен бір емес бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен.

Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 9 күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылуда.

фото ашық дерек көзден алынды

Advertisements