Өңірде құрылысы жүріп жатқан жолдардан 167 ақау анықталды

9

Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы 1 122 шақырым жол жөнделіп жатыр. Одан бөлек облыстық маңызы бар жолдарда 11, аудандар мен елді мекендердің көше-жол желісі бойынша 88 жоба іске асырылуда. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің мамандары бұл учаскелерге 1 255 мәрте шығып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Барлығы 145 нысан қамтылды. 3 051 сынама алынып, оның 290-ы нормативтік талаптарға жауап бермейтіні анықталған. Құылыс компаниялары осы уақытқа дейін 174 кемшілікті жойып үлгергді. «ЖАСҰО» маманы Амангелді Қазиевтің айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары кепілдік мерзімі аясында жүзеге асады.

«Облыс аумағындағы республикалық маңыздағы 856 шақырым жолда реконструкция, 266,5 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Әрбір құрылыс алаңына шығып, сынама аламыз. Одан бөлек зертханалық жұмыстар жүргіземіз. Сынамалық тексерістерден бөлек салынып жатқан жолдардан жыл басынан бері 167 ақау анықталды. Мердігерлер оның 100-ін қалпына келтірді. Қалған кемшіліктер де кепілдік мерзімі аясында толық жойылуы керек», – дейді орталық инженері.

Бақылау республикалық, облыстық маңыздағы жолдардан бөлек ауылішілік жолдарға да жүреді. Облыс орталығында 24, аудандар мен елді мекендердің көшелерін жаңғырту бойынша 64 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аймақтағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 88 пайызға жетуі тиіс.

Advertisements