ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ

Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және облыстың зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – төл тарихымыздағы орны ерекше, қасиетті күн!
Бүгінде майдангер аталарымыз қазалылық Тілеуберген Тобабергенов, сырдариялық Яхия Тасыров Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтуде. Ел басына күн туғанда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранға үн қосқан тыл еңбеккерлерінің ерлігі мәңгі есімізде. Қазіргі уақытта 1700 тыл еңбеккері ортамызда. Халқымыздың даңқты ұл-қыздарының қан майдан мен тылдағы өшпес ерлігі, ерен еңбегі ешқашан да ұмытылмайды», – деді Н.Нәлібаев.
Майданға Қазалы ауданынан 11 мыңға жуық азамат аттанса, 6 мыңнан астамы ғана елге аман-есен оралған.
Үрмәш Түктібаев, Михайлюк Яков, Мақаш Балмағамбетов, Геннадий Шляпин, Біліс Нұрпейісов, Владимир Счастнов Кеңес Одағының батыры атанды.
Салтанатты шарада тыл ардагерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі табысталып, Сенат депутаты Руслан Рүстемов ізгі тілегін жеткізді. Қызылорда облысының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов батасын берді.
Іс-шараға қатысушылар қан майданда қаза тапқандар мен ардагерлерге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі қайта жаңғыртылып, абаттандырылған «Жеңіс» саябағын көріп шықты.
Саябақты жаңғыртудан өткізген «Каз Элит Строй Сервис» ЖШС ауқымды жұмыс атқарған. Жалпы көлемі 20 гектар аумаққа орналасқан мәдени-демалыс кешенінде «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Жастар» аллеялары, отбасылық мейрамханалар, демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдары, аквапарк, бассейн бар.