МАЛДЫҢ КЕСІРІНЕН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Қызылорда облысында 313 мал иесі жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері облыс аумағында үй жануарларының қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 2 адам түрлі жарақат алды.
Осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс жолдарында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 21 қазандағы № 473 шешіміне сәйкес, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту туралы ереже әзірленген.
Аталған ереже негізінде, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 408-бабының талаптарына сәйкес, Қызылорда облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі бөліністері қызметкерлерімен қараусыз жайылып жүрген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне қатысты әкімшілік жазаларды қолдануда.
Ағымдағы жылдың басынан 313 мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.