ПРЕЗИДЕНТ СЫР ӨҢІРІНДЕГІ БІРНЕШЕ НЫСАНДЫ АРАЛАДЫ


Мемлекет басшысы Өнер орталығына барды
Мемлекет басшысы көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады. Мың орынға арналған көп функционалды Өнер орталығы былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда концерттер, шығармашылық кештері мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылғаны туралы мәлімет берілді. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды. Әкімдік мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық
академиясының қызметімен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Бұл нысан биыл мамыр айында пайдалануға берілген. Мемлекет басшысына академия қызметі өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталғаны жөнінде баяндалды. Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысында қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Шығармашылық мектептері бой көтерген. Былтыр облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Бұдан бөлек, Қызылордада Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығының құрылысы басталды. Бүгінде Президент саябағында уақыт талабына сай балалар сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынып жатыр.

Мемлекет басшысы «Қызылорда-нан» цехына барды

«Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешені биыл қазан айында іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 5,6 миллиард теңге. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Өнімдердің 30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы сатылады, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы дүкендерге жеткізіледі.

Президент жаңа жылу электр орталығына барды

Жаңа жылу электр стансасы Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды. Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жылу электр стансасы түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді. Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнатылып, толық монтаждалған.


Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді. Нысанның құрылысы биыл қазан айында аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді. Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге болады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар. Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.
– «Қайсар» – елімізде жеке меншікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді.

Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.








