СЫРБОЙЫЛЫҚ ӨРЕНДЕР ҮШІН МАЗМҰНДЫ ДЕМАЛЫС СЫЙЛАҒАН ОРТА

Қызылордада қаланың сол жағалау мөлтек ауданында ашылған Оқушылар сарайы жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Заманауи үлгіде жабдықталған орталықта өнер, ғылым, техника және спорт бағытында түрлі 19 үйірме жұмыс істейді.

Жалпы оқу жылында бір мезетте 350 балаға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар мекемеде бүгінде 500-ге жуық бала түрлі үйірмеге тартылған. Жазғы демалысын тиімді өткізіп отырған балалар шығармашылығын шыңдап, қабілеттерін арттыруда. Сонымен қатар мекеме жанынан ашылған “ЖағаLive” күндізгі тынығу лагерінде 300-ге жуық бала қамтылған.

Жазғы кезеңде балалар тек демалып қана қоймай, өз қызығушылықтарына сай жаңа дағдыларды меңгеріп, уақыттарын мазмұнды әрі пайдалы өткізуде.







