Қ.ТОҚАЕВ: АРМИЯМЫЗ КЕЗ КЕЛГЕН СӘТТЕ ӨЗ МІНДЕТІН ОРЫНДАУҒА САҚАДАЙ САЙ ТҰРУЫ ТИІС

33

       Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сардарлар мен сарбаздарды алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

“Қазақ – болмысынан жаужүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. “Ер – елдің айнасы” дейді. Шын мәнінде, халқымыздың ерлік дәстүрі атадан балаға жалғасып келеді. Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент қарулы күштер құрылымы, құқық қорғау органдары, арнаулы қызметтердің қырағы қызметі ел тыныштығын сақтауда аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

“Қарулы Күштер еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығы мен тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Құқық қорғау органдары заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс”, – деді Мемлекет басшысы.

     Жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ жоғары мемлекеттік наградалар табыс етті.

Advertisements