ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ АКАДЕМИЯ АШЫЛДЫ

43

        Бүгін Қызылордада «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды.  Заманауи орталық бір мезетте 500 балаға, ал тәулігіне 300 оқушыға қызмет көрсетеді.

       Академияның салтанатты ашылуына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары М.Әбенов, М.Ергешбаев, М.Жайымбетов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қызылорда облысының әкімі  Н. Нәлібаев жаңа нысанның ашылуына орай құттықтау сөз сөйлеп, білім саласындағы толымды тірліктерге тоқталып өтті.

            Соңғы үш жылда аймақтың білім беру саласына бөлінген қаржы артып келеді.  2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық оқу мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

«Жаңа нысандардың ашылуы – бұл жәй ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті ұландарымызға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Егемен елімізді өркендетудегі, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі бастамаларымыз табысты болсын! Ел іргесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», -деді Нұрлыбек Машбекұлы.

          Жаңа академияның балаларды дамытуға қосар үлесі зор болмақ. Нысанда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы бар.  Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары, киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

Былтыр облыста білім беру инфрақұрылымын дамытуда 13 ғимарат пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектептің құрылысы жоспарланып, бүгінде 3 мың орындық 6 мектеп ашылды. Қалған 4-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, физика-математика мектеп-интернаты және «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Соңғы үш жылда 3 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі іске қосылды. Бүгінде Шиелі ауданында 200 орындық оқушылар сарайы мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде.

 

Advertisements