ҚЫЗЫЛОРДАДА СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ЖАРНАМАЛАЙТЫН 71 САЙТ БҰҒАТТАЛДЫ

Қызылордада «Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.
Облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметіне сүйенсек, іс-шара ұйымдастырылған 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында кәмелетке толмағандарға қатысты барлығы 1231 әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның ішінде 27 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынса, қадағалаусыз және панасыз қалған 28 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды. 20 жасөспірім тыйым салынған заттарды (шаппа, кастет) алып жүргені үшін полиция бөлімдеріне жеткізілді.
– Бала тәрбиесіндегі міндетін дұрыс орындамағаны үшін 117 ата-анаға хаттама толтырылды. Түнгi уақытта жасөспірімдерді қабылдаған 23 ойын-сауық нысанының иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. 42 жасөспірімнің көпшілік орындарды ластағаны, 23 жасөспірімнің бұзақылық жасағаны, 18 жасөспірімнің түнгі тыныштықты бұзғаны анықталды. Олардың заңды өкілдеріне шара қабылданды, – деді басқарма бастығының орынбасары Рауан Әлдешов.
Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын 71 сайтты, Қызылорда қалалық Полиция басқармасы адамды суицидке итермелейтін 1 ойынды (Ragdoll Games-Kick & Break) бұғаттады.
фото -коллаж: Kazinform(Canva)