ЖАҢА ПРЕМЬЕРА КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Әділбек Тауасаровтың «Аюдың апаны» драмасының премьерасы сахналанды. Қойылымда адам тағдыры мен табиғат арасындағы арпалыс суреттелген.
Спектакль үш әртістің қатысуымен өтеді. Ерекшелігі, үшеуі де – басты кейіпкер. Үш тағдыр мен табиғат иелері тоғысқан азғындық пен махаббат оқиғасын бастан кешетін спектакльде үшеуінің басынан кешкендері, бүгінгі қоғамның кескін-келбетін жасырмай, шынайы көрсетеді.

Қойылымда қазіргі күннің басты мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің айқын көріністері бейнеленеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейн Әмір-Темірдің режиссерлығымен өткен қойылымды көрермен қауым бір деммен, жақсы тамашалады.

Кейіпкерлерін аса шеберлікпен сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Бақытбек Темірбековке, Мәдениет саласының үздігі Сырым Әбдразақовқа және актриса Жауһар Еркіноваға театр көрермендері ризашылықтарын білдіріп, қошемет көрсетті.







