20 МЫҢНАН АСТАМ КИІКТІҢ ҚЫРЫЛУЫНА НЕ СЕБЕП?

41

          Жыл басынан бері еліміздің жеті облысында 20980 киіктің өлексесі табылды. Бүгінге дейін жануарлардың өлі денелерін жинау, жою жұмыстары жалғасып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі ен далада қырылған ақбөкендерден қауіпті ауру анықталмағанын мәлімдеді.

      2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында киіктердің өлекселерін жинау және жою жұмыстары атқарылып жатыр. Бағалы саналатын олардың мүйіздері де өлексесімен бірге жойылады.

       Мамандар түз жануарының қырылуына болжаммен бірнеше фактор ықпал еткенін айтып отыр. Яғни, климаттық жағдайлардың өзгеруі, қыс мезгілінде қардың қалың түсуі, көктемде күн райының күрт жылынуы секілді табиғи құбылыстар ақбөкендердің қырылуына себепші болуы мүмкін.

         Сәуір айының онкүндігінде киіктің табиғи өлімі бойынша 39 факті анықталып, 9 078 өлексе табылды,- дейді ведомство өкілдері.

      Айта кеткен жөн, 2024 жылғы санақ жұмыстарына сәйкес, Қазақстанда киіктердің саны 2,8 млн жеткен болатын. Ал биылғы төлін қосқанда, шамамен 4,1 млн-ға ұлғаюы мүмкін еді. Бірақ, жаппай қырылуын есепке алсақ, бұл статистика біршама төмендейтіні анық.

Advertisements