2026 ЖЫЛҒЫ 15 НАУРЫЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКIЗУ ТУРАЛЫ ЖАРЛЫҚҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Елде жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты республикалық референдум 15 наурызда өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды, – деп хабарлады Ақорда.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия мүшелерін қабылдады. Сол кезде таяу арада референдум өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын айтты.
Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекеттің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді.
1. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізілсін.
2. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын.
3. Осы Жарлық пен Конституцияның жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.
4. Республикалық референдумға дайындық пен оны өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдасын.
6. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, –Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев.







