5 МАУСЫМ – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІ

16

1972 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні болып аталып келеді. Атаулы күннің мақсаты қоршаған ортаға деген ұқыптылыққа үндеу деп қарасақ, табиғатты аялау адамзатқа жүктелген міндет. Бүгінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жұмыстары тұрақты жүргізілуде. 2025 жылы облыста жиналған 76,9 мың тонна коммуналдық қалдықтың 23,5 мың тоннасы өңделген. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Мәріп Акбар айтты.

– Мемлекет Басшысының «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» тапсырмасына сәйкес облыста қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 9 жоба бойынша жұмыстар жүруде. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, 700-ден аса жұмыс орындары құрылып, жылына 500 мың тоннадан астам қалдықтар сұрыптау және қайта өңдеуден өтетін болады. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұдан бөлек, аймақ басшысының бастамасына сәйкес ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған, елді мекендерді тазалыққа, көркейту-көгалдандыру шараларына ынталандыру мақсатында өңірімізде «Үлгілі елді мекен» конкурсы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуде. Соңғы екі жылда «Үздік» атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Биыл 19 коммуналды техника табысталатын болады. Қазіргі таңда, конкурс жұмыстары жүргізілуде. Президентіміздің аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірде санитарлық тазалық, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірлік жоспар бекітіліп, кешенді жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындарды экологиялық таза көлік қызметімен қамтамасыз ету үшін эко-такси қызметі іске қосылды. Жоба аясында 100 жаңа электромобиль алынып, 16 электр қуаттау бекеті салынды. Өңірімізде кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, аллеялар қайта жаңғыртылып, заманауи үлгіде жөндеуден өтуде,- деді Мәріп Шәріпұлы.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бүгінде облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуде 17 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды.

Advertisements