Қызылордада «Зияткер отбасы» отбасылық интеллектуалды сайысы өткізілді

227

Paparaci.kz. Бүгін Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Зияткер отбасы» отбасылық интеллектуалды сайысы болып өтті. Сайысқа облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы қатысып, барша қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Алмасбек Әбілқасымұлы өз сөзінде отбасы институты мен ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың маңызына тоқталып, мемлекет іргетасының берік болуы үшін отбасы институтын қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Білімді, коммуникативті, ізденгіш әрі тапқыр тұлғаларды даралап, отбасы құндылықтарын дәріптеуді, отбасылық тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы мызғымас байланысты нығайтуды мақсат еткен сайысқа Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қ.Каримова, облыстық маслихат депутаты А.Әбибуллаева, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Г.Әбдіхалықова, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары З.Тәжиева, «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің 1 орын иегерлері Қожабековтер отбасы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен ҮЕҰ-нің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Сайысқа 7 команда қатысып, 5 кезеңнен тұратын додада өзара бақ сынасты.

Сайыс қорытындысымен, білімділігімен ерекшеленіп, үздік ойын өрнегін көрсеткен Байұловтар отбасы I орынды қанжығасына байлады. Сайыстың II орны Оспановтар отбасына бұйырса, III орынды Байжігітовтер отбасы иеленді. Ал «Көңілді отбасы» номинациясын Исабаевтар отбасы, «Шығармашыл отбасы» номинациясын Супатаевтар, «Креативті отбасы» Әбілхан және «Дарынды отбасы» номинациясын Бисембаевтар отбасы иеленді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Advertisements