Қызылорда облысында инвестиция тарту мәселесі талқыланды
Paparaci.kz. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында өткен 4 айдағы негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша нысаналы индикаторлардың орындалуы талқыланды.
Былтырғы тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың, атқарылатын жүмыстардың, шетелдік инвесторлармен бірлесіп ірі жобаларды жүзеге асырудың жай-күйі қаралды. Министрлер мен өңір әкімдері жобалар туралы баяндап, алдағы міндеттерді таныстырды.
Штаб отырысынан кейін облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов мәжіліс өткізіп, биылға 424,2 млрд. теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілгенін айтты. Алда өткен жылғы оң тәжірибені қайта жүзеге асыру міндеті тұр.
«Премьер-Министр өткен жылғы өңірге іссапары кезінде құны 1 млрд. теңгеден асатын 5-6 жобаны іске асыруды тапсырды. Сәуір айындағы актив отырысында облыс әкімі Қызылорда қаласының әкіміне 1 млрд. теңгеден асатын 1 жобаны, әр ауданның әкіміне 500 млн. теңгеден асатын 2 жобаны биыл іске қосуды тапсырған болатын. Оның орындалуы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Жалпыұлттық жобалар пулы аясында бақыланады», – деп ескертті Серік Салауатұлы.
Әр жоба жеке бақылауға алынып, қолданыстағы заңнама аясында мәселелер шешілуі керек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Қызылорда қаласы және Шиелі ауданы әкімдіктерімен бірлесіп, биыл жаңа жылу электр орталығының құрылысын бастау, Шиелі ауданындағы күн электр станциясына қажетті жер телімін алуға сүйемелдеу жасау жүктелді.