Жаңадан салынған 15 шақырым жолдан 25 ақау анықталды

209

Paparaci.kz. Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Қызылжар ауылына дейінгі жөндеуден өткен 15 шақырым автожолдың сапасы сын көтермейді. Ұзақ жылдардан бері жол азабын тартып келген елдімекен тұрғындары биыл жаңа асфальт төселгеніне қуанған еді. Бірақ, жергілікті халықтың бүгінде жаңғыртудан өткен жолға көңілі толмай отыр.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының мамандары жаңадан салынған небәрі 15 шақырым жолдан аспаптық тексеру барысында 25 ақау анықтады. Мұнан бөлек, асфальттан алынған 33 сынама зертханалық тексеруден өтіп, 33-і де нормативтік талаптарға сай болмай шықты.

Арал ауданындағы Қызылжар елдімекеніне дейінгі автожолдың құрылысы 2022 жылы басталған. Былтыр жол жабындысын тексеру барысында 7 ақау анықталған болатын. Бірақ, мердігер мекеме тарапынан ол олқылықтар түзетілген жоқ. Биыл да жолды зерделеу барысында өрескел кемшіліктер анықталып отыр. Нақты айтатын болсақ, жолдың кейбір жеріне сызат түскен, асфальт жабындысы үгітілген, ал қалыңдығы жоба бойынша 4 см болса алынған сынамаларда 2,5, 3 см шығып отыр. Сондай-ақ, асфальттың тығыздығы мен суға қанығу көрсеткіші де нормаға сай емес, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.

Жалпы жол жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме «Аван Құрылыс» ЖШС. Анықталған өрескел кемшіліктер бойынша салаға жауапты аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ақауларды жою бойынша тиісті ұсыныс хат жолданған.

Advertisements