Ақтөбе облысындағы екі оқушы мен мұғалім қаза тапқан жол апатына қатысты тың деректер жарияланды

242

Paparaci.kz Ақтөбе облысындағы екі оқушы мен мұғалім қаза тапқан жол апатына қатысты тың деректер пайда болды деп хабарлайды  Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға 19 желтоқсан күні Ырғыз ауданында мектеп оқушылары мен мұғалімі олимпиадаға бара жатқан жолда болған. Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, аудан орталығында мектеп пәндері бойынша олимпиада өтуі тиіс еді. Осы олимпиадаға Жаныс би ауылынан 10 жоғары сынып оқушысы бармақ болып, бірақ белгіленген уақытта полицияның сүйемелдеуімен олимпиадаға бес оқушы ғана аттанған.

“Қалған бесеуі кейін жеке көлікпен полицияның сүйемелдеуінсіз жолға шыққан. Әзірге егжей-тегжейлері анықталып жатыр. Бірақ, алдын ала мәлімет бойынша, бұл оқушылардың ата-аналары алғашында ауа райының қолайсыздығына байланысты балаларын олимпиадаға жібермей қойған. Кейін рұқсат беріп, оқушылар жолға шыққан”, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Сұлтан Жайық.

Белгілі болғандай, Жаныс би ауылындағы мектептің бес оқушысы мен мұғалімі жеке Toyota Alphard көлігімен жолған шыққан. Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, көлік жүргізушісі қаза тапқан мектеп оқушысының 25 жастағы ағасы болған. Полицейлердің айтуынша, жүргізуші қарсы бағытқа шығып кеткен.

“Үш күн бұрын полиция бөліміне мектептен өтініш түсті. Білім беру мекемесінің басшылығы балалардың Ырғыздағы олимпиадаға бара жатқанын және оларға жолсерік керек екенін хабарлады. Оларды екі көлікпен тасымалдау керек еді. Балаларды алып жүру үшін арнайы қызметкерлер тағайындалды. Бірақ өтініште Toyota Alphard көлігі көрсетілмеген. Қалған балалар аман-есен Ырғызға жеткізілді. Ал Toyota Alphard көлігінде болғандар жол апатына ұшырады. Сағат 08:30 шамасында Самара – Шымкент тас жолында, Құрылыс ауылының маңында жол апаты орын алды. Toyota Alphard көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Volvo жүк көлігімен соқтығысқан”, – деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Полиция “көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы”, сондай-ақ “балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау” баптары бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апат салдарынан Toyota Alphard көлігіндегі үш жолаушы: 25 жастағы Жаныс би ауылындағы мектеп директорының орынбасары мен екі мектеп оқушысы қаза тапты. Үш оқушы аудандық ауруханаға жатқызылды, олардың денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, көлік жүргізушісіне психологиялық көмек көрсетілуде.

Advertisements