Газ баллон жарылып, бір адам көз жұмды

300

Paparaci.kz Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Аққұм ауылында тұрғын үйде газ баллоны жарылып, бір адам қайтыс болды. Жарылыстың күштілігі сонша баспананың қабырғалары қирап, төбесі опырылып түскен.  Оқыс оқиға кезінде үйде 5 адам болған. Үй иесінің әйелі мен екі баласы дін аман шығып үлгерген. Ал анасын құтқармақ болған 30 жастағы ер азамат күйік шалып, аурухана түсті. Ауылға өрт сөндірушілер келем дегенше баспананың түгі қалмаған. Мамандар 50 литрлік газ баллонының жылыстануынан жарылыс болған деген болжам айтып отыр.

“Тұрғын үйден 1948 жылы туған азаматшаның мәйіті шығарылды. Қазіргі таңда департаменттің анықтау бөлімімен Қылмыстық Кодекстің 292-бабына сәйкес Қылмыстық іс қозғалып, өрт-техникалық, сот-медициналық, өрт сөндіру зертханасы бойынша сараптама тағайындалды. Себеп-салдары анықталып жатыр”,- деді облыстық ТЖД басқарма бастығы Асхат Оразбеков.

Қайғылы жағдайдан бүтін бір отбасы қыстың көзі қырауда баспанасыз қалды. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болған жанұяға халық жылу жинап, көмек қолын созуда. Жалпы аймақта жыл басынан бері 6 өрт дерегі тіркеліп, бір адам ажал құшып отыр.

 

Advertisements