«Қызылорда-Жезқазған» автожолын жаңғырту жұмыстары жанданды

225

Paparaci.kz «Қызылорда-Жезқазған» автожолының Қызылорда облысына тиесілі аумағында жаңғырту жұмыстары қайта жанданды. Еліміздің орталығы мен оңтүстігін байланыстыратын күре жолдың бүгінде 83 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Жалпы облыс аумағындағы 216 км автожолдың құрылысы 6 учаскеге бөлініп, мердігер мекемелер жоспарға сай жүйелі жұмыс жүргізуде.

«Жалпы қыс айларында инертті материалдарды учаске басына жеткізу жұмыстары жүргізіліп келді. Қазіргі таңда 5 лотта 24 пен 216 шақырым аралығында толықтай құрылыс жұмыстары басталды. Оның ішінде жер жұмыстары, айналма жолдарды салу, жасанды құрылғыларды орнату. Сондай-ақ, су өткізгіш құралдар, мал өткелдері, жолдың жиегін нығайту секілді жұмыстар жүргізілуде»,- дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.

Сондай-ақ, автотрасса құрылысы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы мамандарының ұдайы бақылауында. Былтыр жылжымалы зертханамен 202 нысанға тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарынан 611 сынама алынды. Барлығы 44 кемшілік анықталып, тапсырыс беруші мен мердігер мекемелерге олқылықтарды қалпына келтіруге ұсыныс берілген.

paparaci.kz

«Қызылорда-Жезқазған» автожолына аспаптық тексеру барысында 35 ақау, зертханалық сынама қорытындысымен 9 кемшілік анықталған болатын. Бүгінгі таңда барлық табылған ақаулар талапқа сай толық қалпына келтіріліп, біздің міндеттеген ұсыныстар қалтқысыз орындалды. Жалпы бұл күре жолды жаңғырту жұмыстары сала министрлігінің де ұдайы назарында. Құрылыс материалдары мен атқарылған жұмыстардың нормативтік талаптарға сай болуын орталық мамандары қатаң бақылауда ұстайтын болады»,-деді  «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.

Бүгінде автотрасса құрылысына 750 адам жұмылдырылып, тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымды құрайтын күре жол жоспар бойынша 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Advertisements