Олимпиада-2024: “Асланбектің екі иығы салбырап, көзінде от жоқ”
Бокстан Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Олимпиаданың алғашқы кездесуінде жеңіліс тауып, көпшіліктің сынаны ұшырады, деп хабарлайды paparaci.kz.
Францияның астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесінде 71кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Асланбек Шымбергенов Зейяд Ишаиштан айласын асыра алмады. Төрешілердің басым бөлігі иорданиялық спортшыны мықты деп бағалады.
Қазақстандық спортшының жеңілісіне байланысты бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов пікір білдірді.
“Қарсылас та оңай емес. Осыған дейін екі рет кездескен болатын. Бұл жолы Асланбек оны тоқтата алмады. Төрешілер әділ болмады деп айта алмаймын. Ишаиш бұл жекпе-жекті жеңіске деген құлшынысының арқасында алды. Бұл – Олимпиада”, – деді М. Айтжанов.
Алайда, желі қолданушылары бас бапкердің берген сұқбатына байланысты, спортшыны сынға алды. Онда “Асланбектің екі иығы салбырап, көзінде от жоқ”, “Бар күшін ту көтеруге салған болар”, “Асланбек бұрын жақсы болатын, қазір мезгілі өтті” деген сынды пікірлерді толассыз қалдыруда.