Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды
Бүгінгі ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы мәселелер қаралды.
Жауапты министрлер «Әлеуметтік әмиян», «Отбасының цифрлық картасы», мектепке дейінгі ұйымдарды дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру барысы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев талқыланған мәселелерге орай жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
«Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесі 2023-2024 оқу жылында пилоттық жоба ретінде Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейіне енгізілген. Осы мектеп асханасынан тегін ыстық тамақ алушылардың автоматтандырылған есебін жүргізу үшін жүйеге 9-сыныптағы 18 бала тіркелген. Жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырамын. Қазіргі кезде оқу материалдарына лезде қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді қамтамасыз ететін және тамақтану үшін төлем құралы болатын оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкасын іске қосатын «Ақпараттық-бағдарламалық кешен» жүйесіне облыстағы 87 мектепті енгізу жоспарланған. Бұл мақсатқа 119 млн. теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау керек. Жаңа оқу жылынан аймақтағы 87 мектепке орнатылатын «Ақпараттық-бағдарламалық кешен» жүйесін «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау қажет, – деді аймақ басшысы.
Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе – «Отбасының цифрлық картасы». Жоба 2023 жылдың 1 қаңтарынан бері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде іске қосылып, өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға денсаулық, білім және әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік қызметтер СМС-хабарлама арқылы көрсетіліп келеді. Өткен жылы цифрлық картаның деректерін өзектендіру жұмыстары басталып, 223 002 отбасының немесе 853 777 азаматтың ақпараты жинақталды. Картадағы деректер отбасындағы әр азаматтың экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайы, денсаулық сақтау, білім саласы бойынша әл-ауқат деңгейі мен тәуекелдерін көрсетеді. Осының негізінде дағдарыс санатында 57 519 отбасы бар екені анықталды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына дағдарыс және мүшкіл жағдайдағы отбасыларды неғұрлым қолайлы санаттарға ауыстыру үшін олардың әрқайсымен адрестік жұмыс жүргізу алгоритмін әзірлеу тапсырылды. Нәтижесі тиісті органдар мен қала және аудан әкімдіктеріне жолдануы керек. Цифрлық картадағы деректерге қарағанда, D, E санатындағы 223 539 адамның 46 786-ы міндетті әлеуметтік- медициналық сақтандыру қорында сақтандырылмаған. Басқармаға қала және аудан әкімдері, денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды шұғыл қолға алып, тиісті шара қабылдау міндеті қойылды. Мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтау үшін цифрлық картаның қолданыс аясын кеңейтіп, әр мекеме өз ақпараттық жүйесінің толымдылығына баса мән беруі қажет. Сондай-ақ, «дағдарыс» және «мүшкіл» (D, Е) санаттағыларды неғұрлым қолайлы санатқа ауыстыру мақсатында қала, аудан әкімдеріне және тиісті мемлекеттік органдарға әр отбасымен жеке адрестік жұмыс жүргізу қатаң тапсырылды. Қала және аудан әкімдері үшін D және Е санатындағы отбасыларды осы жылдың 1 қарашасына дейін 5%-ға төмендету көрсеткіші (KPI) белгіленуі тиіс.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру» жобасы бүгінде пилоттық режимде Тараз қаласында жүргізілуде. Облыстық білім басқармасына аталған тәжірибені жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныс беру тапсырылды. Қызылорда облысында биометрикалық сәйкестікті бақылайтын «Қазына-фейс» мобильді қосымшасы арқылы балабақшаға күнделікті нақты келген балаға ғана мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселесі жолға қойылды. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды да жүйелі жүргізуді тапсырды.
Фото: Облыс әкімдігі