Газ жарылысынан 4 жасөспірім ауруханаға түсті
Қызылордада жеке тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, 4 жасөспірім ауруханаға түсті. Қазір қатты күйік шалған балалардың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды paparaci.kz.
Тұрғындардың айтуынша, үйде үлкендер болмаған. Тіпті, бұл баспанада көптен бері адам тұрмай бос тұрған дейді көршілері. Ал зардап шеккен жасөспірімдер ауылдан қалаға қыдырып келіп, туысының үйін уақытша паналаған. Жарылыстың күштілігі сонша үйдің төбесі опырылып, ортасына түскен. Ең бірінші осы көшенің тұрғындары көмекке келіп, төртеуін түгел құтқарып алған. Күйік шалған жасөспірімдер сол мезетте облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір жағдайлары ауыр дейді дәрігерлер.
“2 ұл, 2 қыз газ жарылысынан күйік жарақаттарымен түсті. Көлемдері 50 пайыздан жоғары. Әрқайссынікі 50 пайыз, 60-70 пайыздың шамасында. Жарақаттары терең. Қазір реанимация бөлімшесінде реанимациялық ем шараларын қабылдап жатыр, – дейді балалар травматологы Олжас Құрғамбай.
Өрт сөндірушілер жалынның ортасынан бүтін газ баллонын да алып шыққан. Ал үйдегі жарылыстың табиғи газдан болғанын мамандар растап отыр. Оқыс жағдайдың мән-жайы арнайы жүргізілген сараптаманың қорытындысымен белгілі болады.