“Иман Хелифтен ұялмадыңыздар ма?”: Белгілі журналист Алжир спортшысын ақтап шықты
Азаттықтағы “AzatNEWS” күнделікті жаңалықтар бағдарламасының продюсері және жүргізушісі Нұрбек Түсіпхан әлеуметтік желісінде кешеден бері (1 тамыз) сынға ұшыраған Иман Хелиф туралы түсініктеме берді.
Алжир боксшысы олимпиада-2024 жазғы ойындарының 1/8 финалында италяндық қызбен жұдырықтасып оны алғашқы раундта техникалық нокаут арқылы жеңген болатын. Кездесуден кейін көптеген ақпарат көздері Иман Хелифті трансгендік әйел деп айыптап, жазған болатын.
Алайда “AzatNEWS” редакторы мәселенің мән жайын білмей, айып таққандарға көңілі қалғанын жеткізді.
Сонымен өтірік пен шынды араластырып, біраз жерге дейін бардыңыздар. Боксшы жарық дүниеге еркек боп келмеген екен және жынысын да өзгертпепті. Бары – Алла тағала оның еркектік гормондарын күшті етіп жаратыпты. Анадан туғанда солай деседі. Айып па сол? Алла мен анасын кіналайсыздар ма енді? Бұған дейін 2020 жылғы (2021 жылы өтті) Токио олимпиадасына да қатысыпты. Араб елдері арасындағы түрлі турнирлерде де топ жарып жүріпті.
Желіде біразыңыз қатты пікір айттыңыздар. Арасында дін ұстаған, аузынан Алласы түспейтін талай адам Иман Хелифтің сыртынан “малғұн”, “шайтан”, “азғын” т.с.с талай ғайбатты жібердіңіздер. Бұған қоса олимпиада өткізіп жатқан Францияға лағынет қардай борады. Ал Иманның туған жері – Алжир. Жарысқа үкілеп жіберген елі де сол – Алжир. Алжир халқы түгелге жуық мұсылман. Сіздер сияқты олар да намаз оқып, шариғат жолымен жүреді. Сонда олар жынысын ауыстыртып қойып, қол шапалақтап отырды дейсіздер ме?
Әдетте біреу фейк таратады. Оны көбіне саржағал басылымдар немесе тек пропагандамен айналысатын сайттар іліп әкетеді. Ұялсаңдар еді,- деді Нұрбек Түсіпхан.
Еске сала кетейік, Анджела Карини мен Иман Хелиф арасындағы кездесу бар болғаны 46 секундқа созылды.