20 млн. теңге жымқырған мектеп есепшісі сотталды
Арал ауданы №260 мектептің бас есепшісі Д.Жаналиев өзінің қызметін пайдаланып, 2023 жылдың қаңтар айы мен 2024 жылдың тамыз айы аралығында штаттық кестеге сәйкес жалақыдан бөлек өзінің есепшотына негізсіз артық қаржы аударып, бас пайдасына жаратқан. Заңсыз әрекетін әр ай сайын жалғастырып отырған. Тіпті, еңбек демалысы кезінде де өзінің есепшотына ақша аударып келген.
Бірақ, мектеп есепшісінің теріс әрекеті әшкереленіп, тергеп-тексеру барысында айыпталушы мемлекетке жалпы сомасы 20 417 530 теңге шығын келтіргені анықталды.
Соттың шешімімен бас есепші Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2)тармағымен кінәлі деп танылып, қаржылық материалды жауапты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айырылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген 20 417 530 теңге қаражатты үкім заңды күшіне енген соң 2 ай мерзімде өз еркімен мемлекет пайдасына өндіру жүктелді.
Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мемлекеттік мекеме басшыларын бюджет қаражатына қатаң бақылау жүргізуді ескертеді.
фото: arasha.kz