ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Қызылордада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Бұрын самбодан ұйымдастырылып келген боз кілем бәсекесі биыл олимпиадалық спорт түріне бағытталып отыр.
Жарысқа еліміздің ұлттық құрамасы және 11 мемлекеттен 300-ге жуық балуан қатысып жатыр. Спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады. Сыр өңіріндегі турнирге грек-рим күресінің һас шебері, екі дүркін Олимпиада жүлдегері қырғызстандық балуан Ақжол Махмұдов та арнайы келді. Сайыс үш күнге жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйақы қаралған.