ҚЫЗЫЛОРДАДА ЭТНОМЕДИАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кеше Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация орталығының ұйымдастыруымен облыстық көпбейінді аурухана ұжымымен кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы медиация мәдениетін қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту және дауларды бейбіт жолмен шешу тетіктерін насихаттау.
Кездесудің алғы сөзін “Қоғамдық келісім” КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова алып, ҚХА 30 жылдығы аясында этномедиация бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Этномедиация орталығының төрағасы, кәсіби медиатор-психолог Жанна Мирамбекқызы қатысып, медиацияның құқықтық және психологиялық қырларына жан-жақты тоқталды. Ол отбасылық даулар, несие (займ) даулары, сондай-ақ бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отырған лудомания – құмар ойындарға тәуелділік тақырыптарында алдын алу шаралары мен тиімді шешу жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, этномедиация орталығының медиаторы Зина Жаңбыршаева соттағы медиация тәртібі мен оның қоғамдағы маңызы туралы түсіндіріп өтті. Ал теолог, медиатор Бақтияр Оспанов Қызылорда өңіріндегі этносаралық татулық пен бірлік жайлы өз тәжірибесімен бөлісіп, нақты мысалдар келтірді.