“ҰЛЫ ДАЛА” ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

9

«AMANAT» партиясы мәдениет пен өнерге әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Атап айтсақ, партияның тікелей қолдауымен жылда барлық деңгейдегі ақындар айтысы, «Ұлы дала» шығармашылық байқауы ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері арасында да «AMANAT» медиа сыйлығы табысталуда. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылы өткен «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында сөйлеген сөзінде бұл байқауды өңірлік деңгейде ұйымдастырып, жергілікті қаламгерлердің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Партия төрағасының тапсырмасына орай байқау Сыр өңірде өткен жылы алғаш рет аймақтық деңгейде ұйымдастырылып, жеңімпаздар республикалық кезеңде бақ сынады. Жас ақындар мен жазушыларға шабыт сыйлайтын «Ұлы дала» байқауы биыл екінші рет аймақтық кезеңде ұйымдастырылғалы отыр. Бұл туралы бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.

«Жергілікті қаламгерлердің қатысуымен өтетін «Ұлы дала» аймақтық шығармашылық байқауы «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша өткізіледі. Құжаттар ереже бойынша 16 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Аймақтық ұйымдастыру комитетімен әрбір номинацияға үш орыннан қарастырылып отыр. Жеңімпаздар қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады»,- дейді Алмасбек Есмаханов.

Атап өту керек байқауға 18-ден 45 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бір автор тек бір номинацияға қатысады. Байқауға қазақ тіліндегі жұмыстар ғана қабылданады және бұрын-соңды жарияланған шығарма қабылданбайды. Ұсынылатын жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылмайды. Байқауға келіп түскен жұмыстар байқау комиссиясымен 10-20 тамыз аралығында қаралады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 тамызға дейін өткізілмек және әр номинация бойынша жеңімпаздар «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына қатысуға тікелей жолдама алады.

Ескерту, байқауға қатысу үшін «Проза» номинациясына 25, «Поэзия» номинациясына 15, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 15 беттен аспайтын жұмыстар қабылданады. Олар А4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14 мөлшерде,1,0 аралықта терілуі керек және материалдар бүркеншік атпен партияның аймақтық филиалының kyzylorda@amanatpartiasy.kz электрондық мекенжайына жолданады.

Байқаудың толық ережесімен партияның облыстық филиалының Amanat Қызылорда облысы, amanatkyzylorda атты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан таныса аласыздар.

Advertisements