ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ПЕН ROCA GROUP БАСШЫСЫ ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ЗАУЫТ САЛУ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесті. Кездесу барысында Қызылорда облысында санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауыт салу мәселелері мен инвестициялық әріптестікті одан әрі дамыту жолдары қарастырылды.
Жоба аясында жылына 500 мың дана өнім өндіруге қауқарлы жоғары технологиялық өндіріс орны салу көзделуде. Жаңа кәсіпорын Қызылорда облысының “Өндіріс” индустриялық аймағында орналаспақ. Бұл мақсатқа арнайы жер телімі бөлінген.
Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына бағытталып қана қоймай, Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылатын болады.
Жалпы инвестиция көлемі – 70 миллион еуро.
Жоба іске асқанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Roca Group бүгінде санитарлық-техникалық саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Компанияның 78 зауыты және 20 мыңнан астам қызметкері бар. Сантьяго де Гомар Рока өз сөзінде Қазақстанды аймақтағы өндірістік және логистикалық хаб ретінде қарастыратындарын атап өтті:
«Қазақстан – Орталық Азиядағы қатысымызды кеңейту үшін қисынды әрі тиімді таңдау. Елде өндірісті дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Қызылордадағы зауыт жобасы біздің халықаралық стратегиямыздың маңызды бөлігі болады деп сенеміз», – деді Roca Group басшысы.
Премьер-Министр Олжас Бектенов өз сөзінде өндірісті локализациялау мен импортты алмастыру Үкіметтің құрылымдық реформаларындағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мемлекет шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, жаңа өндірістердің ел ішінде дамуына жан-жақты қолдау көрсетуде.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экономикалық тұрақтылық пен отандық өндірісті қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағытта жүзеге асатын әр жоба еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады. Біз Roca Group компаниясын сенімді серіктес ретінде қарастырамыз және жобаның сәтті іске асуына барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Үкімет басшысы.







