«ҚЫЗЫЛОРДА-ЖЕЗҚАЗҒАН» АВТОЖОЛЫ: АНЫҚТАЛҒАН 10 АҚАУ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

«Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде облыс территориясынан өтетін 204 шақырым трассаның 180 км аса жолына асфальт жабындысы салынды.
Ел асыға күткен күре жолдың Сыр өңіріндегі құрылысы биыл аяқталады. Сондықтан, мердігерлер қазір жұмыс күшін көбейтіп, әр учаскені жоспарлы межеде табыстау үшін аянбай еңбек етуде. Дегенмен, ең бастысы жаңа жолдың сапасы. Қызылорда облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары жыл басынан бері жол-құрылыс материалдарынан 201 сынама алып, тексеру барысында 11 ақау анықтаған. Кемшіліктерді жою бойынша мердігерлерге ұсыныс беріліп, 10 олқылық қазіргі таңда қайта қалпына келтірілді. Бір ескерту бойынша түзеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Ал жаңадан төселген жол жабындысынан алынған 8 сынама стандартқа сәйкес емес болып шықты. Соның қазір 4-еуі қайта асфальттанып, қалпына келтірілген. Анықталған басқа ақаулар бойынша мердігерлерге ескерту беріліп, кемшіліктерді түзету жұмыстары қолға алынды.
«А-17 республикалық автожолын қайта жаңғырту жобасының өңіріміз бен еліміздің көлік логистикасы үшін маңызы зор. Қазір аймақта күре жолдың құрылысы шарықтау шегіне жақындады. Біздің мамандар әр учаскені жіті бақылап, кем-кетігін ерте анықтап, дер кезінде қайта қалпына келтіруге ықпал етіп жатыр. Бұл біздің басты міндетіміз»-дейді ЖАСҰО ҚОФ директоры Мақсат Мұқанов.







