ЖАҢАҚОРҒАНДА ГАЗ ТАРАТУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚУАТТЫЛЫҒЫ ЕКІ ЕСЕ АРТАДЫ

146

Апта басында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Жаңақорған Автоматтандырылған Газ Тарату Станциясын (АГТС) кеңейту» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жаңақорған ауданы аумағында жүзеге асып жатқан бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба – қолданыстағы «Жаңақорған АГТС»-тің қуатын 20 000 м³/сағаттан 40 000 м³/сағатқа дейін ұлғайтуды көздейді. Жобаның жалпы құны – 2,3 млрд теңгені құрайды.

Құрылыс жұмыстарын «Транс Азия Констракшн» ЖШС жүргізуде. Ал қажетті технологиялық құрал-жабдықтар «Батыс Мұнай Газ Жабдықтары» ЖШС тарапынан жеткізіліп, бүгінде 13 блок-модуль мен тиісті құрылғылар толық орнатылды.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 98 пайызы орындалып, нысанды ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында толық аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, жоба іске қосылған жағдайда аудандағы 8 елді мекеннің (Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай) тұрғындары мен кәсіпорындары көгілдір отынға қосылады. Бұл – 1793 тұрғын үй мен 11604 халықтың өмір сапасын жақсартуға сеп болмақ.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері «Шалқия тас» ЖШС-нің бастамасымен жүзеге асып жатқан асфальт шығару зауытының құрылысына барды. Аталған жоба жыл аяғына дейін іске қосылады. Жоба аясында дайын асфальт өнімдері шығарылмақ.

Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 88 пайызы аяқталған.

Жоба бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Мемлекеттік қолдау аясында зауытқа 6 гектар жер телімі берілді. Жоба құны – 700 миллион теңге. Жоба іске қосылған жағдайда 10 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаның құрылтайшысы — «Engineering & Construction Company» («ЕСС») ЖШС, компания басшысы Ашимов Талғат Әзімханұлы.

АСФАЛЬТ ШЫҒАРУ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ.jpg

Advertisements