ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕЛІ ІСКЕ АСУЫ ХАЛЫҚҚА ТИІМДІ

Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту сынды басым бағыттар бойынша нақты нәтижелер бар.
Аудандық аурухана жанынан облыстық деңгейде қызмет көрсететін жаңа емдеу ғимараты іске қосылды. Паллиативті бөлімше ашылғаннан бергі соңғы 6 айда 340 науқас ем қабылдаған.

– Жыл көлемінде аудан медицинасында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Аудандық аурухана жанынан облыстық деңгейде науқастарды қабылдайтын “Паллиативтік көмек” және “Медициналық оңалту” бөлімшесі бар жаңа емдеу ғимараты пайдалануға берілді. Бөлімшенің материалдық базасы жетілдірілді, заманауи үлгідегі технологиялармен қамтылды. Ауыр хәлдегі науқастар мен ұзақ уақыт бойы оңалтуды қажет ететін жандарға тәулік бойы ем-шара жүргізілуде. Оңалту іс-шарасын жасауға барлық мүмкіндік қарастырылған. Мезгілімен науқастар ем қабылдап, дәрігер бақылауында болады. Қос бөлімшеде 5 дәрігер мен 50-ге жуық орта буын мамандары және кіші буын қызметкерлері бар – деді бас дәрігердің орынбасары Қанат Медетбаев.
Мұнан бөлек Тереңөзекте тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынды. Бұл жоба экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

– Тереңөзек кентінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысы 2024 жылы жүргізілді. Бұл жоба желтоқсан айында пайдалануға берілді, оның құны 475 млн теңгені құрайды. Палигонның бір ерекшелігі – мұнда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау қондырғылары орнатылған. Яғни, бұл жерде пластик, шыны, темір және басқа да қайта өңдеуге жататын қоқыстар осы жерде сұрыпталып, тиісінше өңдейтін орындарға жөнелтіледі, – деді Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бақтияров.







