ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 14 МЫҢНАН АСТАМ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ТІРКЕЛДІ

2025 жылы 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен кибералаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес барысында айтылды.
Келтірілген залал 6 миллиард теңгеден асты, оның 26%-ы жәбірленушілерге өтелді.
“Алаяқтарға өздерінің төлем құралдарын берген 217 дроппер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 61 киберқылмыстық топ әшкереленіп, жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеден асатын күдікті транзакциялар бұғатталды. Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жалғасуда. Атап айтқанда, алаяқтық жолмен ресімделген несиелердің төлемін тоқтату және дропперлерден негізсіз алынған қаражатты өндіріп алу шаралары қабылдануда”, делінген ведомство хабарламасында.
Азаматтардың назарына: ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап күшіне енеді. Онда өз төлем құралдарын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға заңсыз берген дропперлердің қылмыстық жауаптылығы көзделген. Бұл құқық бұзушылық үшін тек қаржылық шектеулер ғана емес, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Бас прокуратура өз шотыңызды бөгде адамдар пайдаланып жатса, дереу банкке хабарласып, не болмаса онлайн-банкинг арқылы картаңызды бұғаттауға кеңес береді.







