WORLD DOG SHOW 2025: ҚАЗАҚ ТАЗЫСЫ ӘЛЕМДІК ДОДАДА ТОП ЖАРДЫ

Финляндия астанасында өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақтың құмай тазысы топ жарды. Халықаралық сайыста 8 құмай тазы 7 басты жүлдені жеңіп алды. Осылайша, халқымыздың жеті қазынасының бірі халықаралық сарапшылар мен итбегілердің жоғары бағасына ие болды.
Хельсинкидегі дүниежүзілік иттер көрмесінде Қазақстан бұрышына деген қызығушылық өте жоғары болды. Әлем халқымыздың жеті қазынасының бірі – қазақтың құмай тазысын осы дүниежүзілік көрме арқылы жақынырақ тани бастады. Өйткені әрдайым алғырлығымен көзге түскен асылтұқымды иттер халықаралық доданың алғашқы сайысында-ақ топ жарды. 7 бірдей жүлделі орынға ие болды.
Былтыр Амстердамдағы халықаралық кинологиялық федерацияның шешімі бойынша Қазақстан ресми түрде тазы тұқымының иесі деп танылды. Федерацияның талабына сай алдағы 10 жылда еліміз оның санын көбейтіп, халықаралық жарыстарға қатысып тұруы тиіс.







