БИЫЛ 8 МЫҢНАН АСТАМ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ ТАРИХИ ОТАНЫМЕН ТАБЫСТЫ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 25 тамызда жыл басынан бері қандастардың көпшілігі қай елдерден қоныс аударғанын мәлімдеді.
2025 жылы 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралды.
“Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың:
*44,2% -Өзбекстаннан
*43,2% – Қытайдан
*5% – Түрікменстаннан
*2,7% – Монғолиядан
*2,4% – Ресейден
-2,5% басқа елдерден
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша:
- 15,7%-ы жоғары білімді,
- 28,1%-ы кәсіби орта білімді,
- 53,5%-ы жалпы орта білімді,
- 2,7% білім жоқ.
“Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 286 қандас қоныс аударды”,- деп мәлімдеді ведомство.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн. теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.







