ЖАЛҒАН НӨМІР ЖАСАТҚАН ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

«Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. ІІМ нұсқауына сәйкес, 2026 жылғы 8–10 қаңтар аралығында Қызылорда облысының аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жол жүрісі саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Жалған нөмірлер» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жалған немесе сәйкессіз көлік құралдарын анықтауға, құжатсыз немесе заңсыз басқарылып жүрген автокөліктерді тексеруге, сондай-ақ жол қозғалысына қауіп төндіретін жүргізушілерді анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, көлік құралдарының заң талаптарына сәйкестігін бақылау және жүргізушілер тарапынан жіберілетін құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес, көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көлік құралын басқару, сондай-ақ тіркеу нөмірлерін жасыратын құрылғылармен жабдықталған көлікті басқару – әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Азаматтар құқық бұзған жағдайда 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жаза түрі қарастырылған.
Жалған нөмір қолдану көбіне өзге құқық бұзушылықтарды жасыру немесе жолда жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасалады. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпке, өзге жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
фото: Облыстық полиция департаменті







