Атырауда қайын атасы мен енесін өлтірді деген күйеубаласы Индонезияда ұсталды

75

Paparaci.kz Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия елінің Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстады,- хабарлайды рaparaci.kz ақпарат-агенттігі.

Айта кетейік, Атырау облысында қайын атасы мен енесін қатыгездікпен өлтіріп, сарайға көміп кеткен жантүршігерлік қылмыстық оқиғаға қатысы бар қайтыс болған жандардың күйеубаласына халықаралық іздеу жарияланған болатын. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған.

Сондай-ақ, онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да бірге анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Advertisements