Автожолдардың сапасын арттыру – басты талап

53

Paparaci.kz Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мәселесі талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, отырыстан соң жауапты сала басшыларына күн тәртібіндегі мәселеге орай жиналыс өткізді.

«Үкімет басшысы орталық атқарушы органдар мен өңір әкімдеріне саладағы жұмыстарды бақылауға алып, сапалы жүргізуді тапсырды. Биылға жоспарланған жол құрылысы жобалары сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырылуы керек. Жол сапасын жақсарту, жөндеу, асфальт төсеу қазан-қараша айларына дейін толық аяқталуы тиіс. Өздеріңізге белгілі, әрбір жобаға қойылатын басты талап – құрылыс сапасы. Дегенмен Жол активтері ұлттық сапа орталығы жүргізген тексеруден кейін бірқатар кемшілік анықталды. Бұл кемшіліктер толық қалпына келтірілуі тиіс.

Мемлекет басшымыз Ұлттық құрылтай отырысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы басталатынын, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы биыл қолға алынатынын атап өтті. Бұл жобалар Президентіміздің тікелей бақылауында.

Аталған маңызды жобалардың мерзімінде басталуын қамтамасыз етіңіздер. Тиісті министрліктермен жұмыс жасаңыздар», – деді Н.Нәлібаев.

Еске салайық, өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпірлер жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.

«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағынан өтетін 216 шақырымының құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 56 жобаға қаржы бөлінді. Оған өңірдегі 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөнделеді.

Advertisements