Ұлттық кітап күні: оқырман мен кітапты тоғыстырған шара

21

Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күні – рухани құндылықтарды дәріптейтін, кітап пен білімнің қоғамдағы маңызын айқындайтын ерекше мерекелердің бірі. Осы айтулы күндерге орай арнаулы кітапхана мен «Зағиптар қоғамы» клубының бірлесіп ұйымдастыруымен «Кітаптар әлемі шақырады» атты мазмұнды әрі әсерлі мерекелік шара өтті. Бұл шараның басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, кітапханашылар еңбегін насихаттау және ерекше жандардың рухани өміріне қолдау көрсету болды.

Мерекелік жиынды кітапхана басшысы Арысбаев Бауыржан Мыңжасарұлы ашып, жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде кітапхананың тек кітап сақтайтын орын ғана емес, білім мен мәдениеттің, руханияттың алтын ордасы екенін атап өтті. Сонымен қатар, «ҚЗҚ» қоғамдық ұйымының облыстық филиалының төрайымы Бидайкүл Байманова да сөз алып, кітапханашылардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды. Ол зағип жандар үшін кітапхананың маңызы зор екенін, арнайы форматтағы кітаптардың олардың білім алуына, әлемді тануына үлкен мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Шара барысында әдеби-мәдени бағдарлама ұсынылып, ақындардың кітапханашыларға арнап жазған жүрекжарды өлеңдері оқылды. Бұл өлеңдер кітапхана қызметкерлерінің еңбегін дәріптеп, олардың қоғам үшін атқарып жүрген маңызды қызметін көркем тілмен жеткізді. Сонымен қатар, кеш барысында әсем әндер шырқалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен жыр үйлескен кеш көрермендердің жүрегінен орын тауып, ерекше әсер қалдырды.

Мерекелік шараның маңызды бөліктерінің бірі – тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмесі болды. Көрмеге түрлі жанрдағы, мазмұны терең кітаптар қойылып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды. Әсіресе, арнайы форматтағы (Брайль қарпіндегі және дыбыстық) кітаптар ерекше назар аудартты. Кітапхана қызметкерлері әрбір кітап туралы мағлұмат беріп, оқырмандардың қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Жалпы, «Кітаптар әлемі шақырады» атты бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға рухани азық сыйлаған тағылымды кездесу болды. Мұндай мәдени іс-шаралар қоғамда кітап оқудың маңызын арттырып қана қоймай, адамдарды жақсылыққа, білімге және мәдениетке үндейтіні сөзсіз.

Advertisements