Нұрлыбек Нәлібаев: Инклюзивті орта қалыптастыру – басты міндет

7

Қызылорда өңірінде инклюзивті саясатты жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Бұл бағыттағы өзекті мәселелер Қазақстан Республикасының Үкіметі отырысында қаралып, жиынға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалық етті.

Үкімет отырысына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, өңірдегі әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылу барысы бойынша тапсырмалар алды. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған негізгі басымдықтар тағы бір пысықталды.

Аймақ басшысы өз сөзінде жаңа салынып жатқан нысандардың барлығы қолжетімділік талаптарына толық сәйкес болуы керектігін атап өтті. Атап айтқанда, ғимараттар, саябақтар мен сауда орталықтары мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарт адамдарға барынша ыңғайлы етіп жобалануы тиіс. Бұл тек пандустар орнатумен шектелмей, лифттер, арнайы бейімделген санитарлық тораптар, тактильді белгілер мен бағыттаушы жүйелердің толыққанды жұмыс істеуін қамтуы қажет.

Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымындағы қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аударылды. Әуежай, теміржол вокзалы және автовокзалдарда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы белгілер, күту аймақтары мен қызмет көрсету жүйесі талапқа сай болуы тиіс. Бұл өз кезегінде азаматтардың еркін жүріп-тұруына және әлеуметтік өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Инклюзивті саясаттың маңызды бағыттарының бірі – спорт саласы. Облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасау, олардың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Бұл бағытта жүйелі қолдау көрсету арқылы ерекше жандардың жетістіктерге жетуіне жол ашылады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқына қоры қолдауымен Қызылорда қаласында заманауи Инклюзивті спорт орталығы ашылған. Бұл нысан еліміз өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып іске қосылып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Орталықта түрлі спорт секциялары ұйымдастырылып, кәсіби жаттықтырушылар қызмет көрсетеді.

Жиында сондай-ақ жұмыспен қамту мәселесіне де баса назар аударылды. Егер мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекке қабілетті болса және жұмыс істеуге ниетті болса, оған барлық жағдай жасалуы тиіс екені айтылды. Бұл бағытта кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, жаңа жұмыс орындарын ашу, арнайы бағдарламаларды іске асыру қажеттігі атап өтілді.

Әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі болды. Атап айтқанда, инватакси қызметінің үздіксіз әрі қолжетімді болуы, оның сапасына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігі тапсырылды. Қажет болған жағдайда автокөлік санын арттыру бойынша ұсыныстар енгізу міндеттелді.

Мәжіліс барысында тек әлеуметтік бағыт қана емес, өзге де маңызды мәселелер қамтылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді шараларды күшейту, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі кедергісіз ұйымдастыру міндеттері қойылды. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімін қамтамасыз ету, құрылыс нысандарының сапасын бақылау мәселелері де назардан тыс қалмады.

Инфрақұрылымдық жобаларға қатысты да нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы бойындағы қызмет көрсету нысандарының сапасы, жол бойындағы әжетханалар мен аялдамалардың санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда болуы тиіс екені ескертілді.

Жалпы, Қызылорда өңірінде инклюзивті саясатты жүйелі түрде іске асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндік беруге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Advertisements