Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралады

65

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы құрылыс сапасына, нысандарды уақытылы пайдалануға беру мәселесіне және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударды.

Алдымен облыс әкімі 20,5 млрд теңгеге салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешен өңірдегі ең ірі спорт нысандарының біріне айналмақ.

Жоба аясында халықаралық талаптарға сай 50 метрлік жүзу бассейні, Әлем және Азия ойындары деңгейіндегі жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық әмбебап спорт залы, сондай-ақ форумдар мен түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.

Нысанның қасбеті заманауи сәулеттік үлгіде безендіріліп, витраждары төзімді әрі сапалы әйнекпен қапталады. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жауапты мамандар нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Бұдан кейін аймақ басшысы қаланың сол жағалау бөлігінде салынып жатқан 600 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мұнда 5 және 9 қабатты 10 тұрғын үй бой көтеруде.

Жобаға жалпы 11 млрд 364 млн теңге қаржы қаралған. Жалпы аумағы 33 мың шаршы метр болатын заманауи тұрғын үй кешенінде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалады. Атап айтқанда, аумақта 8 балалар ойын және воркаут алаңы, 3 арнайы демалыс аймағы орналастырылады.

Облыс әкімі құрылыс сапасына ерекше мән беріп, нысандардың инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі қажеттігін атап өтті.

Сапар барысында денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға да ерекше назар аударылды. Соның бірі – емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы.

Заманауи медициналық кешен бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсетуге арналған. Нысан халықаралық стандарттарға сай медициналық жабдықтармен қамтылып, диагностиканың және емдеудің озық технологиялары енгізіледі.

«Мелиоратор» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы құны 36 млрд 416 млн теңгені құрайды. Жалпы аумағы 57 мың шаршы метр болатын кешен 10 блоктан тұрады.

Атап айтқанда, мұнда емхана, пансионат, конференция залы, асхана, физиотерапия бөлімі, қабылдау және әкімшілік блоктары, реанимация, химиотерапия, радиотерапия және операциялық бөлімдер орналасады.

Аймақ басшысы құрылыс барысын бақылап, медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған мұндай нысандардың өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар облыс әкімі Титов шағын ауданында салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс алаңында болды. Бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын нысанның құрылысына 9 млрд 823 млн теңге бөлінген.

Жалпы аумағы 9 мың шаршы метр болатын заманауи емханада балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, функционалдық диагностика кабинеттері және стоматологиялық қызмет көрсету бөлімдері қарастырылған.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, нысан осы жылы пайдалануға беріліп, халық игілігіне қызмет етеді.

Жалпы, облыс әкімінің құрылыс нысандарын аралауы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және заманауи әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements