Сыр елінде даңқты қолбасшы жалаңтөс баһадүрдің 450 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» қазақ тарихындағы даңқты қолбасшы, мемлекет қайраткері Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс!» атты республикалық ақындар айтысының салтанатты ашылуы өтті. Ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтаған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен танымал айтыскер ақындар жиналып, көрермендерге ерекше рухани кеш сыйлады.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, айтыс өнерінің ұлт руханиятындағы орнына тоқталды. Сонымен қатар ел тарихында өшпес із қалдырған Жалаңтөс Баһадүрдің ерлігі мен тарихи тұлғасын ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Республикалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков және мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп қазылық етті.
Ал аламан айтыстың тізгінін белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев ұстады.
Айтыс кеші ерекше форматта бастау алды. Жиын барысында жасанды интеллект көмегімен жасалған Жалаңтөс Баһадүр бейнесіндегі тақырыптық монолог көрермен назарына ұсынылып, тарихи тұлғаның ерлігі мен елдік жолындағы қызметі көркем түрде насихатталды.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет республикалық айтыстың ел руханияты үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Ұлы Жеңістің 81 жылдығы күні даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының өтуі – тағылымы терең тарихи сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» деген болатын. Жалаңтөс Баһадүр – Қазақ хандығының сындарлы кезеңінде ел үшін күрескен батыр ғана емес, кемеңгер саясаткер, қолбасшы ретінде тарихта қалған тұлға, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Сонымен қатар ол Сыр өңірінде батыр рухына арналған мәдени-рухани іс-шаралардың тұрақты ұйымдастырылып келе жатқанын айтып, бүгінгі республикалық айтыстың сол игі бастамалардың жалғасы екенін жеткізді.
– Бүгінгі айтысқа қатысып отырған ақындардың барлығы – ел рухын көтеріп, ұлттың сөз өнерін дәріптеп жүрген талант иелері. Сөз – қуатты құрал. Ақын – сол сөздің қасиетін халық жүрегіне жеткізуші тұлға. Сондықтан бұл додада ерлік пен елдік рух асқақтайды деп сенеміз, – деді ол.
Айтыс аламанында барлығы 12 ақын бақ сынап, тарихи тұлға, елдік мұрат, ұлттық рух, тәуелсіздік пен ұрпақ тәрбиесі тақырыптарында суырыпсалма өнер көрсетті. Көрермендер әсерлі әзіл мен терең ойға құрылған жыр додасын зор ықыласпен тамашалады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені шығыстың ақын қызы Жұлдызай Маратбек иеленді. Ал үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, Сыр елінің мақтанышы Мұхтар Ниязов жүлделі І орынды қанжығасына байлады.
ІІ орын Қызылжар өңірінің жүйрік ақыны Хавдолла Бейісханға бұйырса, ІІІ орынды қыз бен жігіт айтысының танымал өкілі Мақсат Ақанов пен Сырдың талантты перзенті Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті.
Сонымен қатар белгілі айтыскер ақын Дидар Қами Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Жалпы, республикалық айтыс ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, ел тарихындағы даңқты тұлғалардың ерлігін жас ұрпаққа насихаттаған тағылымы мол рухани шараға айналды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







