Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы дамытудың басты бағыты

Бүгін Сырдария ауданындағы «Руханият» орталығында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін талқылауға арналған жиынға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, аудан прокурорының міндетін атқарушы Махмут Алмас, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Раимов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Кулмаханов, Өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің мүшесі Мұрат Сәрсенбаев, мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, қаржы ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сондай-ақ бизнесті дамыту барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылау болды.
Жиын барысында қатысушыларға мемлекеттік қолдау тетіктері, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары, жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге салық салу жүйесі, заң талаптары, есептілік жүргізу тәртібі және бизнес жүргізу кезінде кездесетін түйткілдер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында сөз алған мамандар кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы рөліне тоқталып, шағын және орта бизнесті дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың және аудан экономикасын жандандырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
Іс-шарада кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, нақты сұрақтарын қойды. Әсіресе жеңілдетілген несие алу, кепілдік мәселелері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары, салықтық міндеттемелер мен өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы түйткілдер кеңінен талқыланды. Сала мамандары барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, заң аясында кеңес ұсынды.
Көшпелі отырыстан кейін делегация аудан орталығындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен жүздесу барысында өндіріс ауқымын кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, өнім сапасын арттыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.
Кәсіпкерлер өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың бизнесті дамытуға оң әсер етіп отырғанын айтып, мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, олар жергілікті кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.
Айта кету керек, мұндай көшпелі кездесулер кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, өңірдегі бизнес ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңына айналып келеді.







