Шіркейлі ауылында «жұбайлар жыры» атты отбасылық ән байқауы өтті

Шіркейлі ауылында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Жұбайлар жыры» атты өнерлі отбасылардың аудандық ән байқауы ұйымдастырылды. Тағылымды шараға аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев қатысып, мерекеге жиналған жұртшылықты Отбасы күнімен құттықтады.

Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің сабақтастығын дәріптеу, өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі ету және жастардың бойында жанұяға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру болды.
Шара аясында ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесін насихаттайтын арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, ұлттық дәстүрді дәріптейтін дүниелер мен шығармашыл отбасылардың қолынан шыққан жұмыстар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келушілерге ұлттық мәдениеттің тереңдігін танытып, отбасы тәрбиесінің маңызын айшықтай түсті.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы отбасы институтының қоғамдағы орны ерекше екеніне тоқталып, берекелі отбасы – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тірегі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деп атап өткен болатын. Бүгінде отбасы институтын дамыту – мемлекетіміздің маңызды бағыттарының бірі. Ол үшін еңбекқорлық, білімпаздық, адамгершілік, тілектестік сияқты қасиеттерді қоғамда кеңінен дәріптеуіміз қажет.
Отбасы – ұлттық тәрбиенің бастауы, ұлттың рухани өзегі. Жанұяда қалыптасқан тәрбие мен құндылықтар болашақ ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан отбасыдағы сыйластық пен татулық, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидалары әрдайым сақталуы тиіс.
Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және облыс әкімінің қолдауымен облыс орталығында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, «Өнер орталығы» ашылып, халық игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар мәдениет үйлері жанынан «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмыс жасап келеді. Ауданымызда пайдалануға берілген «Руханият» орталығы да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосуда. Осындай игі бастамалар қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтып, отбасы құндылықтарының сақталуына ықпал етеді, – деді аудан басшысы.
Байқауға ауданның әр ауылдық округтерінен келген 7 өнерлі жұп қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар сахна төрінде отбасылық татулықты, сүйіспеншілік пен сыйластықты дәріптейтін әндерді орындап, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Өнерлі жұптардың орындауындағы әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің көркін қыздыра түсті.
Байқау барысында қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті, шығармашылық үйлесімі және өнер арқылы отбасы құндылықтарын насихаттау деңгейі қазылар алқасы тарапынан бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен отбасыларға Бас жүлде, І орын, ІІ орын және ІІІ орын табысталып, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар ұсынылды.
Тағылымы мол мәдени шара отбасы институтының маңызын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдағы берекелі шаңырақтардың мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.







