Арал мәселесі Еуропалық Одақтың назарында

Астана қаласында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич Арал ауданы әкімінің орынбасары Шерхан Есжановпен және ЕО қаржыландыратын GLOCAL жобасының пилоттық аумақтарының бірі саналатын Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Азат Балмырзаевамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Арал теңізі тартылуынан туындаған экологиялық дағдарыстың өңірге тигізіп отырған әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салдарын кеңінен талқылады. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді басқару, қоршаған ортаны қорғау және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытындағы өзара ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды.
Еуропалық Одақ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан GLOCAL жобасы Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жергілікті деңгейде енгізуге бағытталған. Жоба жергілікті басқару жүйесін жетілдіріп, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге және халықтың өмір сапасын арттыруға арналған нақты бастамаларды қолдауға негізделген.
Аталған жоба аясында Қамыстыбас ауылында жалпы құны 18 миллион теңгеден асатын (30 мың еуродан жоғары) бірқатар азаматтық бастамалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда:
• «SDG Hub Kambash» — мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам ұйымдары және жергілікті қауымдастықты біріктіретін, ТДМ-ды жергілікті деңгейде іске асыруға арналған алғашқы ауылдық платформа;
• «Қамыстыбас ауылын дамыту» — мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және жасыл көгалдандыру технологияларын енгізу арқылы ауылдың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоба;
• «Таза Қамбаш» — Қамбаш көлі мен оған іргелес аумақтарды қорғауға арналған экологиялық бастама. Жоба аясында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, тұрақты тазалық акцияларын ұйымдастыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру көзделген.
Кездесу барысында Еуропалық Одақ Елшісі Алешка Симкич жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыру және инклюзивті, тұрақты дамуды қолдау ЕО-ның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.







