Қамбаш көліндегі демалыс орындары жазғы маусымға дайын

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаевтың төрағалығымен өткен жиында Қамбаш көлі жағалауындағы суға шомылу маусымына дайындық барысы жан-жақты қаралды. Жиынға Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, мемлекеттік кірістер басқармасының, дене тәрбиесі, спорт және туризм, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ өзге де жауапты сала мамандары қатысты.
Жиында алдымен Аққұмшық жағажайын жалға алып отырған жеке кәсіпкер А. Балмырзаевтың демалыс аймағындағы қызмет көрсету нысандарының құжаттандыру рәсімдерін толық аяқтау қажеттігі айтылды. Бұл талап бұған дейін де кәсіпкерге ескертілген болатын. Осыған байланысты құжаттардың заң талаптарына сәйкестігін толық ретке келтіру міндеті жүктелді.
Сонымен қатар демалыс аймағында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, балалар мен ересектерге арналған жүзу аймақтарын нақты белгілеу, су көліктерінің (қайықтар мен өзге де құралдардың) тек рұқсат етілген аумақтарда қызмет көрсетуін қатаң бақылау тапсырылды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына қоғамдық тамақтану орындарында қызметкерлердің мерзімді медициналық тексеруден өткені туралы анықтамаларының болуы, сондай-ақ азық-түлік сақтау талаптарының сақталуы мен санитарлық нормалардың орындалуын тұрақты бақылау жүктелді.
Жиын барысында демалыс аймағының санитарлық тазалығын сақтау, кәсіпкерлердің белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуін қадағалау, алғашқы медициналық көмек көрсету пунктінің жұмысын ұйымдастыру және жағажай аумағындағы тауар бағасының тұрақтылығын бақылау мәселелері де көтерілді.
Осы бағытта жауапты сала басшылары мен Қамыстыбас ауылдық округі әкіміне нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар демалушыларға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қызмет көрсету талаптарын түсіндіру мақсатында жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізу жоспарланды.







