Қармақшыда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды

42

Бүгін Қармақшы ауданында Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясы өткізілді.

Аталған шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі орындар мен қорымдарды таза ұстап, олардың айналасын абаттандыру арқылы ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және қасиетті орындарды келешек ұрпаққа аманат ретінде сақтау. Сонымен қатар акция тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және туған жердің тарихи мұраларын қорғауға бағытталды.

Игі бастамаға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, жастар ұйымдары, еріктілер қозғалысының өкілдері және аудан тұрғындары белсене қатысты. Қоғамның түрлі саласының өкілдерін біріктірген бұл шара туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісіне айналды.

Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы тарихи ескерткіштер мен киелі орындардың маңайы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, аумақтарды көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қоршаулар мен ескерткіштердің айналасы ретке келтіріліп, ағаштар әктеліп, санитарлық тазалау шаралары ұйымдастырылды. Қатысушылар қасиетті орындардың аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосып, қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жалпы облыс көлемінде өткен акция барысында 200-ге жуық тарихи-мәдени және қасиетті орын қамтылса, оның ішінде Қармақшы ауданында 45-ке жуық нысанда тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ауқымды шараға 2000-нан астам аудан тұрғыны қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Тазалық – тек қоршаған ортаның ғана емес, рухани мәдениеттің де көрінісі» деп атап өткен болатын. Бұл қағида бүгінгі акция барысында нақты іс жүзінде көрініс тапты. Өйткені тазалық – мәдениетті қоғамның белгісі, ал тарихи мұраны сақтау – өткенге тағзым жасап, болашаққа деген жауапкершілікті сезіну деген сөз.

Қармақшы жұртшылығы алдағы уақытта да қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және тарихи-мәдени мұраларды сақтау бағытындағы бастамаларға белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қоса бермек.

Өткенді құрметтеу – болашақты бағалау. Сондықтан тарихи ескерткіштерімізді қорғап, киелі орындарымызды таза ұстап, ұлттық мұрамызды бірге сақтайық!

Advertisements