Қармақшыда дарынды оқушылар аудан әкімімен кездесті

38

Елдің болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті әрі отансүйгіш ұрпақтың қолында. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда Қармақшы ауданында жас буынның білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға, олардың жетістіктерін насихаттауға бағытталған маңызды кездесу өтті.

Бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты дарынды оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен тағылымды басқосуға білім, ғылым, спорт және өнер салаларында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда ауданның мерейін үстем етіп жүрген талантты оқушылар қатысты.

Кездесу басталар алдында қатысушылар «Үздік инновациялық жобалар көрмесін» тамашалады. Көрме барысында дарынды жастар өздерінің ғылыми ізденістері мен тың идеяларын таныстырып, түрлі бағыттағы инновациялық жобаларын ұсынды. Оқушылар ғылым мен технология саласындағы ізденістерінің нәтижелерін көрсетіп, болашақта жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалары туралы айтып берді.

Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жандос Еркінбек жастардың жетістіктері ауданның ғана емес, еліміздің мақтанышы екенін атап өтті.

– Халқымызда «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деген тағылымды сөз бар. Сіздер – осы нақылдың мәнін нақты істеріңізбен дәлелдеп жүрген дарынды ұл-қыздарсыздар. Бүгінде білім мен ғылым жолында жеткен жетістіктеріңіз арқылы ауданымыздың абыройын асқақтатып келесіздер. Қай салада еңбек етсеңіздер де, ең бастысы – туған елге адал қызмет ету, туған жердің дамуына үлес қосу. Сіздерге артылар сенім зор. Сондықтан алға қойған мақсаттарыңыздан таймай, білім мен ізденіс жолында талмай еңбек ете беріңіздер. Біз әрдайым жастардың бастамаларына қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар ол кездесудің негізгі мақсаты жастардың ой-пікірлерін тыңдау, олардың ұсыныстарымен танысу және еркін пікір алмасу екенін айтып, оқушыларды ашық диалогқа шақырды.

Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Әсіресе жетістікке жетудің жолдары, мақсат қою, уақытты тиімді пайдалану, болашақ мамандық таңдау, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру және қоғамдағы жастардың рөлі туралы мазмұнды әңгіме өрбіді.

Оқушылар өздерінің білім жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жетістіктерге жетудегі еңбек пен табандылықтың маңызын атап өтті. Сонымен бірге ауданның қоғамдық өміріне қатысты ұсыныстарын білдіріп, жастар саясатына байланысты өз ойларын ортаға салды.

Шара барысында өнерлі жастар да өз таланттарын паш етті. Олар ұлттық және заманауи музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, ән мен күйден шашу шашты. Жас өнерпаздардың орындауындағы шығармалар жиынның мазмұнын байытып, ерекше әсер сыйлады.

Кездесу соңында ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, білім, ғылым, спорт және өнер салаларында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген дарынды оқушылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Бұл марапаттар жастардың еңбегіне берілген лайықты баға әрі жаңа белестерді бағындыруға берілген серпін болды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жандос Еркінбек жастарға ақ тілегін арнап:

– Бүгін өздеріңізбен кездесіп, пікір алмасқаныма қуаныштымын. Әрдайым ата-аналарыңызды құрметтеп, ұстаздарыңызды сыйлаңыздар. Білім алудан жалықпай, армандарыңызға сенімді қадам жасаңыздар. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын жетістіктерге толы болсын. Сіздерге тек сәттілік пен толағай табыс тілеймін, – деді.

Айта кету керек, бүгінде мемлекет тарапынан дарынды жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейде пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар жарыстары, шығармашылық және зияткерлік байқаулар ұйымдастырылып келеді. Олардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына түсу кезінде түрлі жеңілдіктер мен білім гранттары қарастырылған.

Сонымен қатар дарынды балаларды қолдау мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аясында арнайы білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Ал Президенттік гранттар мен халықаралық «Болашақ» бағдарламасы жас талапкерлерге әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осындай қолдау тетіктері білімді, ізденімпаз және талантты жастардың жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашып, еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға қызмет етуде.

Advertisements