Қармақшыда тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ұлы Жеңіс күні – ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында аянбай еңбек еткен аға буын өкілдеріне тағзым ететін ерекше мереке. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлермен қатар, тылда тынымсыз еңбек етіп, Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегі де қашанда жоғары бағаланады. Олардың қажырлы еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлгі болып қала береді.
Осыған орай бүгін 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне байланысты аудан әкімі Жандос Еркінбек тыл ардагерлері мен ел дамуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Аудан басшысы алдымен тыл ардагері Зинеп Оқасованың үйіне барып, Жеңіс күніне арналған ақжарма тілегін жеткізді. Кездесу барысында ардагер ананың ел үшін атқарған еңбегі мен өмір жолына тоқталып, кейінгі буын үшін өнегелі тұлға екенін атап өтті.
Зинеп Оқасованың балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Жастайынан еңбекке араласып, мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап тыл жұмыстарында белсенділік танытқан ол елдің дамуына өзіндік үлесін қосты. Соғыс жылдарындағы ауыр еңбек пен кейінгі бейбіт кезеңдегі табанды қызметінің нәтижесінде көпшіліктің құрметіне бөленді.
Көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған ардақты ана бүгінде үлкен әулеттің алтын қазығына айналып, ұрпақтарына өнегелі тәрбие беріп отырған қадірлі жан ретінде құрметке ие.
Мұнан кейін аудан әкімі Тәжіхан Бұхарбаевтың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Ақжар ауылында дүниеге келген Тәжіхан Кетеғұлұлы еңбек жолын жастайынан бастап, өмірінің әр кезеңінде түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарған.
Өзінің еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында ел арасында үлкен сый-құрметке ие болған қария бүгінде ұрпақ тәрбиесінің үлгісін көрсетіп отырған ақсақалдардың бірі. Немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған ардагердің өмір жолы жас буынға еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі болып саналады.
Сондай-ақ аудан басшысы ауданның Құрметті азаматы Иса Бисеновтің шаңырағына арнайы барып, мерекелік құрмет көрсетті.
Иса Бисенов саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған абзал азаматтардың бірі. Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, мыңдаған тұрғынның алғысына бөленді. Сонымен қатар әскери борышын өтеу кезінде Вьетнамдағы әскери қимылдарға қатысып, халықаралық міндеттерді орындауға атсалысты.
Ел алдындағы еңбегі мен азаматтық ұстанымы жоғары бағаланып, түрлі мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. Оның қоғам дамуына қосқан үлесі мен жастар тәрбиесіне бағытталған өнегелі өмір жолы бүгінде көпшілікке үлгі болып келеді.
Кездесу барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагерлердің ел үшін атқарған еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
– Сіздердің өмір жолдарыңыз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Елдің дамуына қосқан үлестеріңіз, қиын кезеңдердегі табандылықтарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз әрдайым құрметке лайық. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың негізінде сіздердің маңдай терлеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз жатыр. Сондықтан сіздерге деген құрмет қашанда ерекше, – деді аудан басшысы.
Кездесу соңында ардагерлерге мерекеге орай аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, арнайы сый-сияпат көрсетілді. Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, елдің амандығы мен бірлігінің нығая беруіне тілектестік танытты.
Мұндай тағылымды кездесулер аға буынның еңбегін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойында үлкенге құрмет, тарихқа тағзым және елге қызмет ету секілді асыл қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Ұлы Жеңіс мерекесі аясындағы бұл игі шара ардагерлерге көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.







