«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қазалы ауданында ауқымды жұмыстар атқарылды

33

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бағдарламалардың бірі. Осы жоба аясында 2025 жылы Қазалы ауданында бірқатар ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылып, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететін нысандар пайдалануға берілді.

Бағдарлама шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жөндеу және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде аудан тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асты.

Электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту бағытында Қожабақы ауылындағы электр желілерін қайта жаңғырту жобасы толық аяқталды. Жалпы құны 442,8 миллион теңгені құрайтын жоба аясында тозығы жеткен желілер жаңартылып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырылды. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, электр қуатының жиі үзілуінің алдын алуға ықпал етті.

Сонымен қатар Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың электр энергиясына деген сұранысының артуына байланысты жаңа қосалқы станса салу жобасы қолға алынды. Аталған жобаға 2025 жылға республикалық бюджеттен 378,2 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 1 миллиард 417 миллион теңгені құрайтын жоба аяқталғаннан кейін ауданның электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі артып, жаңа тұрғын аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту мүмкіндігі кеңейеді.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Елді мекендердің ішкі көшелерін күрделі және орташа жөндеуге жалпы көлемі 776,7 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 14 көше жаңартылды. Оның ішінде Әйтеке би кентінде 11 көше, Басықара ауылында 1 көше және Жалаңтөс батыр ауылында 2 көше жөндеуден өтті. Жаңартылған көшелер тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етіп, ауылдардың көркін келтіре түсті.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де басты назарда болды. Майдакөл ауылында 100 орындық жаңа ауылдық клубтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының қоғамдық және мәдени өміріне серпін беріп, түрлі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік жасауда.

Сонымен қатар Бекарыстан би ауылында заманауи талаптарға сай салынған спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл жастары мен тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Спорт нысаны тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосуда.

Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі «Қазалы мәдени-демалыс кешенінің» құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ Қожабақы ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл нысандар іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарының мәдени және спорттық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында да маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Әйтеке би кентіндегі «Болат жолы» дәрігерлік амбулаториясына және Бекарыстан би ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны 185,2 миллион теңгені құрайтын жобалар медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталды.

Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттардың инженерлік жүйелері жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде медициналық қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайы жасалып, тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік кеңейді.

Жалпы алғанда, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылған жұмыстар Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға нақты үлес қосты. Инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік нысандардың салынуы мен жолдардың жөнделуі ауданның тұрақты дамуына негіз болып, ауылдық елді мекендердің келбетін жақсартуға мүмкіндік берді.

Алдағы уақытта да мемлекет қолдауымен ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға арналған жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Advertisements